Алматы облысында тауда қураған шөп өртеніп жатыр

Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ
Sputnik
АСТАНА, 25 шілде – Sputnik. Алматы облысында тау бөктерінде қураған шөп өртеніп жатыр, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
"Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің "112" қызметіне Алматы облысы Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округінде орналасқан бау-бақша кооперативі аумағында таулы аймақта қураған шөп өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті", - деп жазылған хабарламада.
Оқиға орнына жеткен кезде ашық таулы жерде қураған өсімдіктердің өртеніп жатқаны анықталды. Өрттің алдын ала аумағы 7-8 гектарды құрайды.
"Тік бедерлер мен өрлер өртті сөндіру жұмыстарын қиындатып отыр. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ", - дейді құтқарушылар.
Өртті сөндіруге Алматы облысы мен Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 70-ке жуық қызметкері мен 9 бірлік техникасы, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығы қызметкерлері жұмылдырылды.
Жағдай Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауында. Өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.