АЛМАТЫ, 24 шілде - Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевті туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы телефон арқылы Өзбекстан президентін құттықтап, оның бауырлас өзбек халқының игілігі жолында атқарып жатқан жауапты мемлекеттік қызметіне толайым табыс тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің беделді көшбасшылығының арқасында Өзбекстан дамып, әлеуметтік-экономикалық салада елеулі жетістікке жеткенін айтты. Тоқаевтың айтуынша, бүкіл Орта Азияның орнықты дамуы көбіне екі мемлекеттің өзара ықпалдастығына тікелей байланысты. Осыған орай тараптар өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы бағыттарындағы бірлескен жобаларды ілгерілету үшін нақты шаралар қабылдап жатыр.
"Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев өңірлік кооперацияның өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, екіжақты форматта және халықаралық іс-шаралар аясында жоспарланған жоғары деңгейдегі кездесулер кестесін қарастырды", - делінген хабарламада.