АСТАНА, 23 шілде – Sputnik. Қазақстан-Қытай экономикалық ынтымақтастығын нығайту шеңберінде "Бақты (ҚР) - Покиту" (ҚХР) шекаралық өткізу пункттерінде "ақылды кеден" жобасын іске асыру басталды.
Аталған бастаманың маңызды элементтерінің бірі кедендік логистиканың тиімділігін арттырып, цифрландыруға бағытталған автономды жүк тасымалдарын жүзеге асыру.
Бұл жоба ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиевтің Тачэн қаласының партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэймен болған кездесуде келісілген еді.
Тараптар ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Соған сәйкес осы жобаны бірлесіп іске асыру, сондай-ақ кедендік және логистикалық процестерді цифрландыру саласындағы іс-қимылдарды үйлестіріп, тәжірибе алысу көзделген.
"Ақылды кеден" – шекарадан жылдам әрі жайлы өтуге септесетін бірнеше заманауи шешімді қамтиды. Жүктер шекарадан жүргізушісіз автоматты түрде машиналармен тасымалданатын болады.
Бұдан бөлек екі елмен расталатын бірыңғай электронды декларация іске қосылмақ. Құжаттарды рәсімдеу мен жүктерді алып жүру толығымен цифрлы форматта болады. Осы жұмыс табысты іске асырылған соң жүктер тәулік бойы автоматты навигация мен бақылау жүйелері (көлік жүргізушілерісіз) арқылы жөнелтілетін болады.
Болжанып отырған нәтиже:
жүк көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайту;
кедендік рәсімдеу уақытын едәуір азайту;
көлік шығындарын төмендету;
логистикалық операциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыру;
автомобиль инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайтып, логистикалық хабтарды дамыту;
астық, майлы дақылдар, ет және өңделген тауарларды қоса алғанда, аграрлық өнімнің экспортын ынталандыру.
"Ақылды кеден" шекарадағы инфрақұрылымды жаңартып, жұмыс орындарын ашу мен инвестиция тартуға оң әсер етеді. Сонымен қатар екі ел арасындағы сауданы ұлғайтуға және Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды транзитті орталық ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.