АСТАНА, 22 шілде – Sputnik. Қазақстан мен Ресей шекарасындағы "Сырым" автомобиль өткізу пунктін жаңарту жұмыстары басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы таратқан мәліметке сәйкес, құрылыс жұмыстарының басталуына байланысты 2025 жылдың 4 тамызынан бастап "Сырымда" жеңіл және қоғамдық көліктерді өткізу уақытша тоқтатылады.
"Шектеулер 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жоспарлануда. Ал жүк көліктері шекарадан электронды кезек жүйесі арқылы өтеді. Пункттің күнделікті өткізу қабілеттілігі: 200-250 автокөлік", - делінген ресми хабарламада.
Ресейге басқа өткізу пункттері арқылы өтуге болады. Олар:
"Шаған" (ҚР) / "Тёплое" (РФ) - KZ07-01 Орал - РФ шекарасы жолының 33 шақырымында орналасқан;
"Ақсай" (ҚР) / "Илек" (РФ) - халықаралық өткізу пункті. KZ07-04 Подстепное - Федоровка - РФ шекарасы автомобиль жолының 144 шақырымында орналасқан;
"Тасқала" (ҚР) / "Озинки" (РФ) - халықаралық өткізу пункті. KZ07-06 Орал - Тасқала - РФ шекарасы автомобиль жолының 104 шақырымында орналасқан.
Айта кетері, Қазақстанда 2030 жылға дейін 37 өткізу пункті жаңғыртылады.