"Өкінемін": Қытайда пранк жасаған қазақстандық блогер полицияға шақырылды

Қыз болған жағдайға өкінетінін білдірді
Sputnik
АСТАНА, 22 шілде – Sputnik. Полиция қызметкерлері Қытайдан жақында оралған қызбен профилактикалық әңгіме өткізді, деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұған әлеуметтік желілерде кеңінен таралған бейнероликтер себеп болды.
"Интернетте таралған бейнелердің бірінде ол серігінің қалтасынан ұялы телефонды алып, оны өтіп бара жатқан Қытай азаматтарына береді. Содан кейін телефонды ұрлап кеткенін айтып, сол адамды нұсқайды", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар ол көшеде және метро станцияларында бейтаныс ер адамдарға жақындап, қолдарынан немесе аяқтарынан ұстап, айналасындағылардың үрейі мен түсінбеушілігін тудырған.
Әңгіме барысында қыз болған жағдайға өкінетінін білдірді.
"Менің видеом біреуді ренжіту мақсатында түсірілмеген. Бұл ойланбай жарияланған материал болды. Видеом біреуге жағымсыз әсер етсе, кешірім сұраймын. Енді контентті жариялау мәселесіне мұқият қараймын", – деді ол.
Полиция әлеуметтік желілерде материал жариялау кезінде отандастарға да, басқа ел азаматтарына да құрметпен қарау маңызды екенін ескертті. Мұндай әрекеттер арандатушылық ретінде қабылданып, қоғамда теріс реакция туғызуы мүмкін.
"Сондай-ақ шетелде жүрген әрбір азамат жергілікті дәстүрді, қоғамдық тәртіп пен сол елде қолданылатын заңдар мен мінез-құлық нормаларын құрметтеуге міндетті екенін есте ұстаған жөн. Бұл нормаларды бұзу құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін", - деп түйіндеді полиция.
"Абай мен Ділдә неткен бөлме" деген блогер халықтан кешірім сұрады