Қазақстан мен Ресей шекара арқылы өтетін пойыздар санын 30%-ға арттырады

Тараптар мемлекетаралық түйісу пункттеріндегі жұмысты жетілдіруді көздейтін хаттамаға қол қойды
Sputnik
АСТАНА, 21 шілде - Sputnik. Қазақстан мен Ресей екінші жартыжылдықта шекара арқылы өтетін пойыздар санын 30 пайызға арттырмақ, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.
"Мәскеуде 21 шілдеде "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтың "РЖД" ААҚ Бас директоры – Басқарма төрағасы Олег Белозеровпен жұмыс кездесуі өтті", - делінген хабарламада.
Тараптар мемлекетаралық түйісу пункттеріндегі жұмысты жетілдіруді көздейтін хаттамаға қол қойды. Бұл мемлекетаралық түйісу пункттері арқылы берілетін құрамдар санын тәулігіне 65-тен 85 жұп пойызға дейін 30% - ға арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ тараптар "Солтүстік-Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізі шығыс тармағы бойынша тасымалдау көлемін ұлғайту мәселесін талқылады.
Қазақстандық тарап биылғы жылы ірі инфрақұрылымдық жобаларының - Достық-Мойыты, Алматы темір жол торабын айналып өту жолдарының құрылысы және 3 мың шақырымнан астам қолданыстағы желілерді жаңғырту аяқталатынын атап өтті.
Қазақстан теміржол желісі жаңғыртылып жатыр