Атырау облысында құстар неден қырылған

Шалыга аралынан 250 құстың өлексесі табылған
Sputnik
АЛМАТЫ, 21 шілде – Sputnik. Атырау облысында "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы Шалыга аралында құстар қырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Табиғат қорғау мамандары 16 шілдеде резерват аумағына мониторинг жүргізген. Сол кезде №61орам – Шалыга аралынан құстардың өлекселері табылған.
Аралға облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тексеру жүргізген.
"Аралдан өгіз шағала, қылаң қарабас шағаланың өлекселері табылды. Құстардың жаппай қырылу себебітабиғи, экологиялық немесе антропогендік факторларға байланысты болуы мүмкін. Бірақ құстардың өлекселерінен механикалық не антропогендік жарақат іздері табылған жоқ. Алдын ала болжам бойынша - табиғи құбылыс", - деп хабарлады "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесі.
Ведомствоның мәліметінше, жас балапандардың азықтануы, туа бітті ауруы, аралдағы басқа да құстардың шабуылы жаппай қырылуына себеп болуы мүмкін. Бақылау кезінде Шалыга аралынан жыртқыш аңдардың іздері мен кеміргіштер табылған.
Үш құстың өлексесіне зертханалық зерттеу жүргізу үшін Астанаға жіберілген. Нәтижесі әлі белгісіз. "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерваты барлығы 250 құстың өлексесі табылғанын айтады.
Маңғыстауда итбалық неден қырылды: сарапшылар болжам жасады