АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. Облыс әкімі Берік Уәли Абай ауданының Абайдың 180 жылдық мерейтойына дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Қарауылтөбе – мерейтой аясындағы негізгі іс-шаралар өтетін орындардың бірі. Мұнда 400 орындық көрермен алаңы бар үлкен дала сахнасы, ат жарысына арналған шеңбер, киіз үйлер қалашығы, кәсіпкерлерге арналған 2500 шаршы метрлік сауда аймағы, сондай-ақ жарық, су, кәріз желілері мен санитарлық-тұрмыстық нысандар қарастырылған. Қосымша жолдар салынып, жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер жөнделіп жатыр.
Абай облысында Абайдың 180 жылдық мерейтойына дайындық қызу жүріп жатыр
© Photo : Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі
Облыс әкімі Абай саябағында да болды. Мұнда қазіргі уақытта абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Мерейтой аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі – "Жеті қазына" республикалық фестивалінің ашылу салтанаты, "Сұлу әйел" және "Ер жігіт" сайыстары осында өтеді.
Абай облысында Абайдың 180 жылдық мерейтойына дайындық қызу жүріп жатыр
© Photo : Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі
Осы жерде "Абай елі" стелласы таныстырылды. Қарауылтөбеде бой көтеретін еңселі ескерткішке ауданның кәсіпкерлері демеуші болған.
"Композиция өте орынды ойластырылған. Бесік бар, домбыра бар. Абай елі – өнерпаздардың, ақындардың, батырлардың елі. Сондықтан мұндағы "Абай елі" деген жазудың мағынасы терең. Яғни, стелланың мәні мен мазмұны бәріне ұғынықты. Аудан тұрғындары мен қонақтары келетін тамаша орын болады деп ойлаймыз", – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар ол "Абай-Шәкәрім" мемориалдық кешеніне барды. Қазіргі уақытта мұнда "Қазреставрация" мекемесі кесенелерді ағарту, электр жарығын және сыртқы бағаналарды қалпына келтіру, сырлау-бояу жұмыстарын жүргізіп жатыр.