"Ес-түссіз жатқан қызымды көліктен-көлікке сүйрелеп, түнгі 02:00 шамасында облыстық ауруханаға әкелген. Ал бізге өлгенін айтып, таңғы тоғызда бір-ақ хабар берді. Аурухана бізден 20 минут қана жер. Құда өз баласын ақтау үшін бар құжатын реттеп барып қана бізге хабар берді. Олар тіпті жедел жәрдем де шақырмаған", - дейді марқұм Айзаттың анасы Салтанат Жұманова.
"Басын ұстасам, шүйде жағы жұп-жұмсақ, сынып кеткен, шашы су. Беті қап-қара, күп болып ісіп кеткен. Қыздың мәйітін ашып жібердім. Жақ сүйегі сынып кеткен. Денесінің кей жерінде терілері сыпырылып, саусақтары көгерген", - дейді әпкесі Раушан Дәуренбекова.
"Айзатты бәріміз жақсы көрдік. Ал оның күйеуі – менің жиенім. Үйдің жалғыз ұлы. Ішкені алдында, ішпегені артында. Бар жағдай жасалған. Әкесі орманшы. Тергеуге беттестіруге барғанымда "Не болды, мынауың не?" деп сұрадым. "Білмеймін" дегеннен басқа жауап жоқ. Ал әке-шешесі әбден діңкелеп, қажып бітті. Атпен сүйреген дегені өтірік, бірақ оңдырмай ұрған. Айбар мұндай ессіз емес еді. Мінезі тып-тыныш, үлкенді сыйлап тұратын, не болғанын білмейміз", - дейді күдіктінің нағашы ағасы Саят Әбдірахманов әлі күнге таңғалып.
"Түнде Айбар келіп "әйелім талып қалды, ауруханаға апарайықшы" деді. Өзі Айзатты үйден көтеріп шықты. Ауылдан сәл шыққанда дөңгелек жарылып, сол жарылған дөңгелекпен ауыл округіне жеттік. Ары қарай Жансүгіров аудан орталығына барсақ, аурухана жабық екен. Содан дереу Талдықорғанға кеттік. Не болды деп сұрамадым. Ешкім ешкіммен сөйлескен жоқ, Айзат қорылдап жатты", - дейді ол.
"Жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізеді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Кінәлілер жауап береді. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді", - дейді ведомстводағылар.