Алматыда таудан құлаған жасөспірім есінен танып қалды

Оның иығы, шынтағы, жамбасы сынған, сондай-ақ омыртқасы зақымданған болуы мүмкін
Sputnik
АЛМАТЫ,18 шілде – Sputnik. Алматы тауларында 15 метр биіктен құлаған жасөспірім құтқарылды, деп хабарлайды қалалық Төтенше жағдайлар департаменті.
Құтқарушыларға хабарлама 17 шілде сағат 16:50-де түскен.
"17 жастағы үш жасөспірім Алматы тауларында жолдан адасып қалған. Өтініш берушілердің айтуынша, олардың бірі жартастан құлап, есінен танып қалған. Жасөспірімдердің координаты берілді", - дейді ведомство.
Оқиға орнына сағат 17: 05-те құрамында 5 адам, 1 техника бар "БАУ" бақылау-құтқару пунктінің экипажы аттанады.
Жасөспірімдер Терешкова шыңында болған, сағат түнгі он шамасында құтқарушылар құлаған баланы тапқан.
"Ол шамамен 15 метр биіктіктен құлаған. Оның иығы, шынтағы, жамбасы сынған, сондай-ақ омыртқасы зақымданған болуы мүмкін. Сол себепті жасөспірімді қолмен тасу мүмкін болмады. Жәбірленуші тікұшақпен эвакуацияланды", - дейді құтқарушылар.
Жасөспірім № 1 қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Қасындағы екі серіктесіне де көмек көрсетіледі.