АСТАНА, 17 шілде – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары мемлекет меншігіне 29,8 млрд теңге тұратын пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарды, деп хабарлайды Бас прокуратура.
2025 жылдың басынан бері қадағалаушы орган жалпы ауданы 146 мың гектардан асатын 75 жер учаскесін анықтады, олар мақсатты пайдаланылмаған.
"Ақжар, Есіл, Ғабит Мүсірепов, Тимирязев және Уәлиханов аудандарында жер пайдаланушылар Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 45 жер учаскесін ұзақ уақыт бойы мақсатты пайдаланбаған. Петропавл қаласында да кәсіпкер үш жыл бойы коммерциялық мақсатта бөлінген 123 гектар жер учаскесін пайдаланбаған", - делінген хабарламада.
Прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде жалпы ауданы 33,2 мың гектарды құрайтын, кадастрлық құны 29,8 млрд теңге болатын 36 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.