АСТАНА, 17 шілде – Sputnik. Ауыл шаруашылығы техникасымен нарықтың 90%-ін отандық өндірушілер қамтып отыр . Бұл туралы үкімет отырысында айтылды.
Ауыл шаруашылығы машинасын құрастыру сала құрылымының шамамен 6%-ін алады.
Бүгінде Қазақстанда өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын 10 ірі кәсіпорын өндіреді. Қолданыстағы жеңілдетілген лизинг бағдарламасының арқасында отандық өндірушілер трактор мен комбайн бойынша ішкі нарық қажеттілігінің 90%-ін қамтамасыз етіп отыр.
"Өткен жылы финдік SAMPO, қытайлық ZOOMLION және американдық John Deere Қазақстанға кіріп, қазір олардың қатысуы күшейтіліп жатыр. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда 4 мыңға жуық трактор мен 441 астық жинайтын комбайн өндірілді", - делінген хабарламада.
Жылдық жоспар 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын шығаруды көздейді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 27%-ке жоғары. Вице-премьер Серік Жұманғарин өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторының бірі және елдің технологиялық дамуының маңызды драйвері ретінде машина жасаудың тұрақты өсу қарқынын сақтауға бағытталған барлық қажетті шаралар кешенін қамтамасыз етуді тапсырды.