Ауыл тұрғындарына 5 мыңға жуық шағын кредит беріледі – үкімет

Бұл мақсатқа 50 млрд теңге қарастырылған
Sputnik
АСТАНА, 15 шілде – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ауылды дамытуға бөлінетін қаржының көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жұманғариннің айтуынша, ауылды қолдау мемлекеттің ерекше назарында бола береді. Мәселен, "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында ауылдарда, моно-және шағын қалаларда, ірі қалалардың шетінде әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Биыл осы мақсаттарға 206,4 млрд теңге қарастырылған. Ал жыл соңына дейін елді мекендерде мыңнан астам инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

"Ауыл аманаты" жобасы аясында жыл соңына дейін ауыл тұрғындарына шаруа қожалықтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтуды дамытуға 5 мыңға жуық шағын кредит беру жоспарлануда. Бұл мақсатқа 50 млрд теңге қарастырылған", - деді Жұманғарин үкіметтің бүгінгі отырысында.

Айта кетері, бүгін үкімет алты айдың қорытындысы бойынша есеп берді. Серік Жұманғарин 12 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткенімізді мәлімдеді.
"12 жылдағы ең жоғары көрсеткіш": үкімет жарты жылдың қорытындысын жариялады