Оралда әкімдік пен полиция қызметкерлері құмар ойын ойнаған

24 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 16-сы атқарып отырған лауазымдарынан босатылды
Sputnik
АСТАНА, 12 шілде – Sputnik. Оралда құмар ойын ойнаған шенеуніктер анықталды, деп хабарлады бас прокуратура.
Орал қаласының прокуратурасы қалалық әкімдіктің, мемлекеттік кірістер және қалалық полиция басқармаларының жекелеген лауазымды тұлғалары букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындарға қатысқанын анықтады.
Аталған фактілер бойынша қалалық прокуратура Орал қаласы әкімдігіне, мемлекеттік кірістер басқармасына және Батыс Қазақстан облысының полиция департаментіне қадағалау актілерін енгізді.
"Актілерді қарау қорытындысы бойынша 24 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 16-сы атқарып отырған лауазымдарынан босатылды", - деп жазылған хабарламада.
Прокуратура хабарлауынша, "OLIMPBET" ЖШС-нің мәліметтеріне сәйкес, Орал қаласы әкімдігінің бір қызметкері 2021 жылдың 5 маусымы мен 2025 жылдың 22 қаңтары аралығында өзінің жеке шотына 34 047 142 теңгеден астам қаражат салған. Оның ішінде, заңнамадағы өзгерістер күшіне енгеннен кейін — 1 741 000 теңге салып, оның 971 000 теңгесін ұтылған. Осы мән-жайларға байланысты аталған қызметкер лауазымынан босатылды.
Орал қаласының прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуына жүйелі түрде қадағалау жүргізуді жалғастырады.
Еске салайық, 2024 жылдың 9 қыркүйегінен бастап мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде онлайн форматта, құмар ойындары мен бәс тігуге қатысуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу болып танылады.
Құмар ойындар бойынша тағы бір шектеу енгізілді - Тоқаев заңға қол қойды