АСТАНА, 11 шілде – Sputnik. Ұлттық банк цифрлық теңгені жаппай шығару мерзімін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ұлттық банктің цифрлық трансформациялау жетекшісі Бинұр Жәленовтың айтуынша, цифрлық теңгемен бюджет қаражатын тиімді жұмсауға болады.
"Цифрлық теңге механизмі бюджет қаражатын "бояуға" мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, "қызыл теңгені" тек мектептердің құрылысына, "жасыл теңгені" ауруханаларға ғана жұмсауға болады. Қарапайым тілде айтсақ, цифрлық теңге осылай жұмсалады. Біз цифрлық теңгені 2023 жылдан бері енгізіп жатырмыз. Қазіргі кезде пилоттық форматтамыз, осы және келесі жыл сынақтан өткізу кезеңі болады деп ойлаймын. Ал 2027 жылдан біз бұл технологияны барлық бюджет шығыстарына жаппай тарататын боламыз", - дейді Жәленов.
Айта кетері, осы уақытқа дейін осы уақытқа дейін айналымға 257,5 млрд цифрлық теңге шығарылған болатын. Пилоттық жобалар аясында цифрлық теңгені бірнеше бағытта сынап көрді. Ал премьер-министр жақын арада ұлттық қор мен бюджет есебінен қаржыландырылатын кемінде жүз ірі жобаны "цифрлық теңгемен" төлеуді тапсырды.