АСТАНА, 11 шілде – Sputnik. Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Еуроодақ басшыларының Украина қауымдастыққа қосылуға дайын деп есептейтін ұстанымын сынады, деп хабарлады РИА Новости.
"Әрбір еуропалық саммитте біз Украинаның Еуропалық Одаққа мүше болу үшін барлық шартты орындағаны туралы жария мәлімдемелерді тыңдап келеміз. Олар ол елде жемқорлық жойылды, заң үстемдігі орнады, адам құқықтары сақталады, экономика шын мәнінде жақсы жағдайда деп мәлімдейді. Сондықтан Еуроодақ басшылары Украинаны ЕО мүшелігіне дайын ел ретінде көрсетеді", - деді Орбан Kossuth радиосының эфирінде.
Оның айтуынша, Украина Еуроодаққа кіру критерийлерін орындады және 2035 жылға қарай одаққа қабылдануы керек дегендер шындықты елемей отырғандар.
Венгрия премьер-министрі Киев ЕО-ға кіретін болса, барлық мүше мемлекет Ресеймен қақтығысқа түсетінін, Будапешт бұған қарсы екенін және дипломатиялық жолмен реттеуді талап ететінін еске салды.
"Жоспар бойынша Еуроодаққа мүше елдер бірігіп қарызға батып, несие алып, бұл ақшаны Украинаға береді. Шынымды айтсам, мен өмірімде мұндай ақылға қонымсыз сөз естіген емеспін", - деді ол.
Орбан Еуроодақ экономикасының өзі құлдырап жатқанын және егер ақша сырттан тартылса, оны Украинаның емес, Еуропаның әл-ауқатын арттыруға бағыттау керектігін айтты.