АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. Шымкентте танысын өлтіріп, мәйітін қорлаған 19 жастағы жігітке сот үкімі шықты, деп хабарлады қалалық сот.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 14) тармағымен, 314-бабының 1-бөлігімен айыпталған Т.-ға және ҚК-нің 432-бабымен айыпталған кәмелет жасына толмаған С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
"2025 жылдың 12 наурызында Т. жанжал барысында өзінің танысы Е.-ні өлтіріп, одан кейін өлген адамның мәйітін қорлаған", - деп жазылған хабарламада.
Содан жасаған қылмысының ізін жасыру мақсатында Т. кәмелет жасына толмаған танысы С.-дан жәбірленушінің мәйітін жасыруға көмектесуін сұраған. Олар жәбірленушінің мәйітін басқа жерге апарып тастаған.
Сот Т.-ның кінәсін ішінара мойындағанын, бұрын сотты болмағанын, жас екенін (19 жаста), ал С.-ның кінәсін мойындағанын, шын көңілден өкінгенін, кәмелетке толмағанын, 3 топтағы мүгедек екенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды, ал сотталушылардың жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот Т.-ны ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 14) тармағымен, 314-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған түпкілікті 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
С.-ны ҚК-нің 432-бабымен кінәлі деп танып, оған 2 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза кесті, рақымшылық актісін қолдана отырып, бас бостандығын шектеу жазасын 1 жыл 4 айға дейін қысқартты.
Үкім әлі заңды күшіне енбеді.