АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов президенттің туризм саласындағы тапсырмаларының орындалу барысы туралы жиын өткізді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Премьер-министр өңір әкімдері мен министрлерге бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Бірқатар тапсырма берілді.
"Мемлекет басшысы берген ескертулерді жедел жою үшін жергілікті жерлерде жұмыстарды үйлестіру мақсатында премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев пен туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өңірлерге жіберіледі", - деп жазылған хабарламада.
Оның қорытындысы бойынша кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс берілмек.
Сонымен қатар жиын барысында Алматы тау кластерін дамыту мәселелері қаралды. Бұл жоба аса маңызды инвестициялық бастамалар тізіміне кіреді. Бастапқы кезеңде инфрақұрылымдық жұмыстар жоспарланған, олардың ішінде электрмен, газбен жабдықтау, кәріз желілері мен автожолдар салу, сондай-ақ іргелес аумақтарды абаттандыру және одан әрі жалпы әлемдік деңгейдегі курортты қалыптастыру үшін жағдайлар жасау.
Жоба сонымен қатар жазғы инфрақұрылымды дамытуды, орнықты даму қағидаттарын енгізуді, қоршаған ортаның цифрлық мониторингін және нысандардың инклюзивтілігін қамтамасыз етуді көздейді.
Еске сала кетейік, мемлекет басшысы халық тарапынан Алакөлге қатысты шағымдар көптеп түсуіне байланысты ішкі туризмге жағдай жасамаған лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырды.