Астанада бір тәулікте 2 бала көз жұмды: дәрігерлер тағы да үндеу жасады

Жыл басынан бері түрлі биіктен құлаған 51 бала ауруханаға жеткізілді
Sputnik
АСТАНА, 8 шілде – Sputnik. Астанада бір күнде төрт бала терезеден құлап кетті, олардың екеуі көз жұмды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Өткен тәулікте 103 пультіне бала құлағаны туралы төрт түрлі шақыру түскен. Балалар 1-ден 16-шы қабатқа дейін биіктен құлаған.
10 және 16-қабаттан құлаған балалар алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Оның біреуі 3 жаста, екіншісі 6 жаста болған. Тағы екеуі оқиға орнынан жедел жәрдеммен балалар стационарына жеткізілді, олардың денесінде көптеген жарақат бар. Қазіргі уақытта екі бала да жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
"Өкінішке қарай, биіктен құлау фактілері жылдан-жылға көбейіп келеді. Жыл басынан бері түрлі биіктен құлаған 51 бала бізге жеткізілді. Олардың төртеуі алған жарақатынан стационарда қайтыс болды", – деп мәлімдеді №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматолог-дәрігерлері.
Дәрігерлердің айтуынша, көбіне бала масаға арналған торға сүйеніп, терезеден құлап кеткен.
"Масаға қарсы торға ешқашан сенбеңіздер. Олар құлаудан қорғайтын құрал емес. Құрметті ата-аналар, балаңызды бір сәтке назардан тыс қалдыру ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін", – деп ескертті Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Бұған дейін басқарма 103 диспетчеріне жасалған қоңыраудың аудиожазбасын жариялаған болатын, онда тұрғындар үреймен баланың құлағанын айтып, жедел жәрдемді шұғыл шақырған.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше жарты жылдың ішінде 60 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Олардың тоғызы жедел жәрдем келгенше көз жұмған.
Жыл басынан бері 60 бала терезеден құлаған