АСТАНА, 7 шілде – Sputnik. Қазақстанға қайтарылған заңсыз активтердің есебінен Ақмола облысында сумен жабдықтау желілерін салуға 21,5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі кезде облыста сумен жабдықтау бойынша 28 жоба қолға алынды. Мәселен, Зеренді ауданында жаңа су құбыры желілерін салуға және қолданыстағы су құбыры желілерін жаңғыртуға 6 млрд 564 млн теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, Ақадыр, Жылымды, Қанай би, Көктерек, Садовое, Троицк, Васильковское, Өркен, Өзен және Баратай ауылдары бар .
"Олардың ішіндегі ең ірісі – 1 мыңнан астам адам тұратын Өркен кентіндегі ұзындығы 6 шақырым сумен жабдықтау жүйесі. Жобаның құны – 583 млн теңге. Сондай-ақ, облыстың 9 ауданында 2 млрд 287 млн теңгеден астам сомаға сумен жабдықтаудың жаңа көздерін салу және қолданыстағы жүйелерді реконструкциялау жүзеге асырылуда. Нысандарды пайдалануға беру осы жылдың соңына жоспарлануда", - делінген ресми хабарламада.
Сандықтау ауданында топтық су құбырын салуға арнаулы мемлекеттік қордан 200 млн теңге бөлінді. Осы ақшаға 22,3 шақырым сумен жабдықтау желілері тартылады.
Ал Нұра топтық су құбырын реконструкциялау және Покровское ауылынан Талапкер және Қажымұқан ауылдарына су құбырын тарту жұмыстары 9,5 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Айта кетері, бүгінде Ақмола облысында қалалық елді мекендерде сумен жабдықтау қызметі 99%-ды, ал ауылдық елді мекендерде 96,6%-ды құрайды.