АСТАНА, 3 шілде – Sputnik. "Молком-Павлодар" компаниясы гипоаллергенді A2 сүтін өндіретін Қазақстандағы алғашқы желіні іске қосады, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Бұл өнім дәстүрлі сиыр сүтіне сезімтал адамдар үшін жеңіл қорытылатын әрі қауіпсіз деп есептеледі.
"Жобаның жүзеге асуына A2A2 генотипі расталған асыл тұқымды ірі қара малдың елге әкелінуі негіз болды. Мұндай сиырлардан алынған сүттің құрамында A1 ақуызы болмайды", - деп жазылған хабарламада.
Компанияның құрылтайшысы Вячеслав Руфтың айтуынша, гипоаллергенді A2 сүті Жаңа Зеландия, Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері, Франция және Германия сияқты елдерде кеңінен өндіріліп, жоғары сұранысқа ие.
Ал ТМД елдерінде, соның ішінде Ресей мен Қазақстанда бұл өнім әлі де шектеулі түрде ұсынылып отыр.