АСТАНА, 3 шілде – Sputnik. Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты полицияның жұмысына кедергі жасаған ер адамға айыппұл салды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сот материалдарына сәйкес, полицейлер қызметтік міндеттерін орындап жатқанда ер адам оларға жақындап, пікірталасқа түскен. Оған бірнеше рет араласпауға өтініш жасалды. Бірақ ер адам полицияның жұмысына кедергі жасауды жалғастырған. Тіпті, тәртіп сақшыларына тіл тигізетін сөздер айтқан.
Сотта құқық бұзушы өз кінәсін мойындаған жоқ. "Сол кезде азаматтық борышымды орындадым" деп мәлімдеді.
Ал Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 667-бабы, 1-бөлігі (полицияның заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) бойынша 30 АЕК (117 960 теңге – 2025 жылда) көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.
"Сот қаулысымен ер адам полиция қызметкерлерінің қызметін орындауына араласқаны үшін кінәлі деп танылып, оған 30АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл тағайындалды", - делінген ресми хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.