АСТАНА, 3 шілде – Sputnik. Жол апаты салдарынан зардап шеккендер санының өсуі денсаулық сақтау саласы мамандарын алаңдатып отыр, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
2024 жылы 31 мыңнан астам жол апаты тіркелді, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен екі есе дерлік көп.
"Өткен жылы жол апаты салдарынан 40 мыңнан астам адам зардап шекті, 2 452 адам қаза тапты", - деп хабарлады Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарысов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Жол апатының көпшілігі қалада (72%), 14% ауылда және 13% трассада тіркеледі.
"Халықаралық зерттеуге сәйкес жылдамдықты асыру жол апаты зардабының ауырлығына тікелей әсер етеді", - деп атап өтті еліміздің бас травматологы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша қауіпсіздік белдігін пайдалану өлім қаупін 40-50%-ға, ауыр жарақат алу қаупін 25%-ға төмендетеді.