АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. Слупск қаласындағы Помор университетінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
"Абай оқулары: Еуразиялық кеңістіктегі Қазақстан мәдениетінің тарихы мен болашағы" тақырыбындағы VII Халықаралық ғылыми семинарда қазақ мәдениетін дамытудың өзекті мәселелері, оның еуразиялық кеңістіктегі рөлі, сондай-ақ, Қазақстан мен Польша арасындағы мәдениет пен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.
"Семинарға қатысушылар "Абайдың қазіргі білім беру жүйесіндегі орны", "Абайдың шығармашылық мұрасы мен Қазақстанның мәдени бірлігіндегі әсері", "Абайдың нақыл сөздері – жас ұрпақ тәрбиесінің негізі" бойынша ғылыми баяндамаларын жасады. Абай Құнанбайұлының мұрасын сақтау және насихаттау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді", - деп жазылған хабарламада.
Іс-шара барысында домбырада орындалған ұлттық музыкалық шығармалар мен қазақ ақындарының өлеңдері де оқылды.
Семинарды Помор университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті бірлесіп ұйымдастырды. Польшадағы Қазақстан елшілігі де белсенді түрде атсалысты.