АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. Президент елордада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) штаб-пәтерінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен АӨСШК бас хатшысы Қайрат Сарыбай Ұйымның негізгі кеңсесіндегі ескерткіш тақтаны салтанатты түрде ашты. Содан кейін Құрмет қарауылы ротасы АӨСШК туын көтерді.
Мемлекет басшысы жаңа штаб-пәтердегі жұмыс кабинеттерін, open space аумағын, аудармашылар кеңсесін, төрағалық залын және музей-кітапхана бөлмелерін аралап көрді. Тоқаев Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес штаб-пәтерінің ашылуын шын мәнінде елеулі тарихи уақиға ретінде атады.
"Отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру бастамасын көтерді. Бұл халықаралық қоғамдастық тарапынан тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту жолында өңір елдерінің күш-жігерін біріктіру үшін дер кезінде жасалған қадам ретінде кең қолдауға ие болды. Біз әуел баста тек ынтымақтастық, өзара түсіністік пен диалог арқылы ғана бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап, өсіп-өркендей алатынымызға сендік", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Азияның 90 пайызын қамтитын және әлем халқының жартысынан астамын біріктіретін АӨСШК халықаралық қатынастардың дамып келе жатқан архитектурасындағы маңызды элементке айналғанын айтты.