АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі Астанадағы сауда орталығында ауру малдың еті сатылып жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде Астана қаласындағы "Әлем" сауда орталығында сібір жарасы ауруына шалдыққан мал етінің жеткізілгені туралы ақпарат тарады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті алаңдауға негіз жоқ деп отыр.
"Бүгінгі күнге дейін елордадағы сауда орталықтарында, соның ішінде "Әлем" сауда орнында жұқпалы ет өнімінің сатылуы немесе жеткізілуі туралы ешқандай факт тіркелген жоқ. Барлық жеткізілген ет өнімі міндетті ветеринарлық-санитарлық тексеруден өтеді. Сондықтан тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ", - дейді ветеринарлар.
Бұған дейін Атбасар ауданында бірен-саран жағдайлар тіркелген. Бірақ кешенді дезинфекциялық жұмыстар атқарылып, қауіпті ет өнімдері белгіленген санитарлық тәртіппен жойылды. Ал аудан тұрғындары медициналық тексерістен өтіп жатыр.
"Азаматтарды тек ресми дереккөздерге, яғни, ауыл шаруашылығы министрлігі мен ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ақпараттарына сенуге шақырамыз. Жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертеміз", - делінген ресми хабарламада.