АСТАНА, 30 маусым – Sputnik. Бүгін Алматы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы қамауға алынды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Шенеунік жер қатынастары саласында 750 млн теңгеден астам сомаға алаяқтық жасағаны үшін айыпталып отыр.
"Ол жер учаскелеріне өтімділік беру және оны сатудан айтарлықтай қылмыстық табыс алу мақсатында Қарасай ауданының жергілікті атқарушы органдарының лауазымды адамдары көмегімен олардың нысаналы мақсаттарын кадастрлық құн айырмасын төлемей өзгертті. Соның салдарынан мемлекетке 1 млрд теңгеден астам сомаға материалдық залал келтірілді", - деді Бигайдаров бүгінгі брифингте.
Департамент басшысы ұрланған ақшаға жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алып үлгерген.
"Бүгін күдікті Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128-бабы негізінде Іле ауданының полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп атап көрсетті агенттік өкілі.