Степногор қаласының жылу желілері 75 процентке тозған

Арнайы бағдарлама аясында екі негізгі қазандық агрегаты күрделі жөндеуден өтеді
Sputnik
АСТАНА, 29 маусым – Sputnik. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Степногор қаласының жылу желілерін тексеріп шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қала басшылығының есебіне сәйкес, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 81%-дан 75%-ға дейін төмендеген. Бүгінде алдымен қатты тозған 6,3 шақырым жылу магистралін жөндеу жоспарланып отыр. Оған үкімет резервінде қажетті қаражат қарастырылған. Ал ұлттық жоспар аясында жалпы ұзындығы 9,5 шақырым құрайтын ЖЭО-дан қалаға дейінгі жылу трассасын толықтай қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
"Бұдан бөлек, жеке инвестор мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында станцияны жаңғыртуға арналған өз бағдарламасын іске асыруда. Бұл бағдарлама аясында екі негізгі қазандық агрегаты – №2 (1966 ж.) және №5 (1973 ж.) күрделі жөндеуден өтіп, барлық турбиналық және қосалқы жабдықтар жаңартылатын болады", - делінген ресми хабарламада.
Степногорск қаласына барған министр жергілікті атқарушы органдар мен ЖЭО басшылығына барлық жөндеу жұмыстарының уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды. Жылу маусымына жауапты тұлғалардың жеке жауапкершілігін де еске салды.