Sergek дрондарға орнатылады

Дрондар жол ережесін бұзғандарды, алимент төлемегендер мен борышкерлерді анықтауға көмектеседі
Sputnik
АСТАНА, 27 маусым – Sputnik. Астанада дрондарға орнатылған Sergek жүйесі пилоттық режимде іске қосылды.
Бұл құрылғылар полицейлерге іздеу жарияланған көліктерді анықтауға көмектеседі.
Ішкі істер министрлігі, "Қазақтелеком" АҚ және отандық ІТ әзірлеушілер жаңа технологияны сынақтан өткізіп жатыр.
Sergek жүйесімен интеграцияланған дрондар нақты уақыт режимінде жол ережесін бұзғандарды, алимент төлемегендер мен борышкерлерді анықтауға, ақпаратты полиция планшеттеріне жылдам жеткізуге және сол арқылы құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттыруға көмектеседі.
"Интеллектуалды бейнебақылау жүйесімен жабдықталған дрондар нақты уақытта заң бұзушылықтарды тіркеп, бағдар берілген көліктерді табуға және мәліметтерді жедел түрде жердегі патруль қызметіне жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл тек жедел әрекет етуді ғана емес, жол апаттарын азайтып, жолдағы тәртіпті күшейтуге де ықпал ететін шешім", – деді ҚР ІІМ Ақпараттандыру және байланыс департаментінің бастығы, полиция полковнигі Сергей Варго.
Сондай-ақ "Қазтелеком" дрондарды бейнебақылау жүйелеріне, соның ішінде қалалық орта мониторингі мен орман алқаптарындағы өрттің алдын алу бағытындағы жобаларға енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сынақ аясында Sergek Group әзірлеушілері ІІМ және "Қазтелеком" АҚ өкілдерімен бірлесе отырып, патрульдеу форматынан бастап нақты бағытталған іздестіруге дейін дрондарды әртүрлі бағытта сынайды.
Алматыда Sergek жаяу жүргіншілерді өткізбейтін жүргізушілерді тіркейтін болады