АСТАНА, 27 маусым – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов парламент палаталарының бірлескен отырысында экономикаға салынатын қаржының көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет басшысы "биыл экономикалық өсімнің динамикасы позитивті" екенін ерекше атап өтті. Бес айдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім 6 процентке өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар да өсіп келеді. Бизнеске кредит беру көлемі артқан.
"Бүгінде үкімет "Бәйтерек" арқылы үлкен бағдарламаны іске асырып келеді. Былтыр экономикаға шамамен 4 трлн теңге салынса, биыл холдингтің алдына кем дегенде 8 трлн теңгені салу міндеті қойылып отыр. Ол үшін холдингтің жарғылық капиталын 1 трлн теңгеге арттырамыз", - деді Бектенов.
Оның айтуынша, қазіргі жағдайда бұл міндетті орындау оңай емес. Бірақ оны іске асыруға болады.
"Біз қажетті қаражатты қарастыруға кірістік", - деп атап өтті үкімет басшысы.