Астанадан 5 шақырым жерде жекеменшік индустриялық аймақ ашылды

Жалпы аумағы 68 гектарды құрайтын жаңа нысан өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған
Sputnik
АСТАНА, 27 маусым – Sputnik. Елордадан небәрі 5 шақырым жерде орналасқан "Қоянды" жекеменшік индустриялық аймағының ресми түрде ашылды, деп хабарлады Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жалпы аумағы 68 гектарды құрайтын жаңа нысан өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған.
"Аймақтағы негізгі жоба – "Biolife Proprevit" кешені. Аталған өндіріс ошағы инновациялық сауықтыру бағытындағы сүт өнімдерін шығаруға маманданады. Жалпы ауданы 5000 шаршы метрді құрайтын кешен 2025 жылы пайдалануға беріледі. Жоба BAE-ден келген Exim Finance компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып, шведтік Ecolean компаниясының озық қаптама технологияларын қолданады", - деп жазылған хабарламада.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі – шамамен 30 млрд теңге. Жалпы алғанда, 2030 жылға дейін 181,8 млрд теңгеден астам сомаға 10 жоба іске асырылады.
Кешен өнімдері еңбек жағдайы күрделі өндіріс орындарында жұмыс істейтін қызметкерлерге арналады және ол ЕАЭО елдері, Еуропа, Африка, Қытай мен Түркияға экспортталады.
Сонымен қатар индустриялық аймақ аясында жеміс-жидектерді қайта өңдеу, құрғақ сүт пен бөтелкеленген сусындар өндіру зауыттарын және көлік-логистикалық хаб салу жоспарланған.
Астанада №2 Индустриялық парктің құрылысы басталады