АСТАНА, 23 маусым – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 30 жылдығына арналған рақымшылық жайында жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін парламент депутаттары тиісті заңды қабылдаған болатын.
"Мен бұл заңға қол қойдым. Осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Соның екі мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Ең алдымен, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, яғни, баласы бар әйелдерге, егде адамдарға, кәмелет жасына толмағандарға және осы санаттағы басқа да азаматтарға кешірім беріледі", - деді Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында.
Президенттің айтуынша, рақымышылық жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау деп түсіну қажет.
"Әл-Фарабидің сөзімен айтсақ, бұл – шын мәнінде қайырымды елге тән сипат. Мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмайды, тек оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдем береді. Өйткені, әділетті елдің соты – әділ, ниеті түзу болуға тиіс. Бірақ рақымшылық жасау дегеніміз, бұл – барлық мәселенің шешімі емес, бір реттік қана шара екенін түсінген жөн", - деп атап көрсетті Тоқаев.