АСТАНА, 20 маусым – Sputnik. Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысы жобасы бойынша жол картасына қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі агенттікке сілтеме жасап.
Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев "Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёвпен кездесті. Сол жерде жол картасы бекітілді.
"Кездесу барысында жобаны дайындау және іске асыру кезеңдерін қамтитын индикативтік жол картасы бекітілді. Құжатта инженерлік-іздестіру жұмыстарын жүргізу, EPC-шарт жасасу және жобалық құжаттаманы әзірлеу көзделген", - делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС ("ҚАЭС") мен "Росатом" мемлекеттік корпорациясының инжинирингтік компаниясы – "Атомстройэкспорт" АҚ арасында Алматы облысының Жамбыл ауданында жобаны іске асыруға байланысты ынтымақтастықтың негізгі қағидаттарын айқындайтын негіздемелік келісімге қол қойылды.
"Қазақстанда атом электр станциясын салатын халықаралық консорциумды басқару құқығын сеніп тапсырғаны үшін Қазақстанға алғысымызды білдіреміз. Қазақстан – атом саласындағы біздің сенімді тарихи серіктесіміз. Сенімділігі, қауіпсіздігі және тиімділігі дәлелденген ресейлік ядролық технологиялар Қазақстан халқының игілігіне қызмет етіп, елдің энергетикалық егемендігін нығайтады деп сенеміз", – дейді "Росатом" басшысы Алексей Лихачёв.