Ақмола облысының индустриялық аймағына 1,1 трлн теңге инвестиция тартылды

Іске асырыла бастаған жобалардың бірі – бидайды терең өңдейтін өндірістік кешен
Sputnik
АСТАНА, 20 маусым – Sputnik. Ақмола облысында республикалық маңызы бар "AQMOLA" индустриялық аймағының іргетасына капсула салынды, деп хабарлады үкімет.
Ресми мәліметке сәйкес, ауданы 1 мың гектарға жуық индустриялық аймақ елордаға жақын орналасқан. Бұл – жаңа зауыттар мен өндіріс ошақтарын ашуға қолайлы барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген аумақ.
"Қазіргі таңда мұнда жалпы көлемі 1,1 трлн теңгеден асатын инвестицияға ие жеті жоба жүзеге асырыла бастады. Инвесторлар географиясы Қытай, Түркия, Сингапур және Қазақстан елдерін қамтиды. Жобалар аясында 4,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр", - деп жазылған хабарламада.
Айта кету керек, іске асырыла бастаған жобалардың бірі – бидайды терең өңдейтін өндірістік кешен. Жобаны жүзеге асырушы – қытайлық Dalian Hesheng Holdings компаниясы. Жоба үш кезеңмен 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылады.
Алғашқы кезеңде натрий глутаматы, глютен ұнтағы және қосалқы өнімдер өндірісі іске қосылады. Қазіргі таңда инвестор бизнес-жоспар әзірлеп, қажетті құжаттарды дайындау жұмыстарын бастады.
Ақмола облысында Көкшетау қаласы мен Целиноград ауданында да өңірлік индустриялық аймақтар құрылған.
Қазақстан мұнай-газ саласына 15 млрд доллар инвестиция тартады