АСТАНА, 19 маусым – Sputnik. Президент медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын елордалық кәсіпорындар көрмесін тамашалады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысына Heart Center Foundation қоғамдық қорының өкілдері Қазақстандағы кардиохирургия мен трансплантологияны дамыту миссиясы туралы әңгімеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл мамыр айында ALEM инновациялық аппаратын шығаратын зауыт құрылысы басталғаны жөнінде ақпарат берілді.
Қазақстандық инженерлер мен UMC Жүрек орталығы дәрігерлерінің бірегей жұмысы заманауи трансплантологиядағы басты мәселе саналатын донорлық органды сақтау уақытының шектеулілігін шешуді көздейді.
Бұдан бөлек, президентке Kazecotech кәсіпорнының ғылыми-техникалық жетістіктері көрсетілді. Соңғы үш жылда компания ең үздік әлемдік стандарттарға сай келетін 250-ден астам протез дайындап, 500 адамды Ottobock мүгедек арбасымен қамтамасыз еткен.
Көрмені аралаған соң Қасым-Жомарт Тоқаев отандық фармацевтика индустриясы мен медицина бұйымдары өндірісін дамытудың маңызын айтты.