АСТАНА, 18 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов 18 жылға сотталған Кәрім Мәсімовтің денсаулығы нашарлады деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сәденовтың айтуынша, ҰҚК экс-басшысының денсаулық жағдайы қалыпты.
"Оның жағдайы қалыпты, жазасын өтеп жүр. Қалыпты деп тұрғаным, түрмеде ұстауға болады", - деді министр журналистерге берген сұхбатында.
Оның сөзіне қарағанда, Мәсімов түрмеде жұмыс істемейді. Бірақ күн тәртібі бойынша атқаратын міндеттері бар.
"Тәртіп бойынша кезекші болуы мүмкін, бөлмені сыпыруы мүмкін", - деп атап өтті Сәденов.
Министр оның қай түрмеде отырғанын айтпады.
"Айтуға болмайды", - деп қысқа ғана қайырды.
Еске сала кетейік, Кәрім Мәсімов 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде ұсталды. Кәрім Мәсімов Қылмыстық кодекстің175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Былтыр Мәсімов президентке рақымшылық жасау туралы өтініш берді.
13 Маусым, 16:09