Қытаймен шекарада жаңа айналма жол салынады

Жоба көлік жүктемесін азайтуға бағытталған
Sputnik
АСТАНА, 17 маусым – Sputnik. Қытаймен шекарада жаңа айналма жол салынады. Премьер-министр Олжас Бектенов Sarens компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Людо Саренспен "Нұр жолы" өткізу бекетінің айналма жолын салу жоспарын талқылады, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Кездесуде сондай-ақ ынтымақтастықты бірнеше бағытта, оның ішінде машина жасау саласында кеңейту перспективалары қаралды.
"Жоба шекара маңы инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыруға және қолданыстағы көлік ағындарына жүктемені азайтуға бағытталған. Салмағы 100 тоннадан асатын ірі габаритті жүктерді өткізуге арналған ұзындығы 3,2 шақырым және ені 12 метр айналма жол салу, сондай-ақ ауданы 81,6 га көліктерге арналған тұрақтар салу жоспарланып отыр", - делінген хабарламада.
Қосымша автожол көпірін салу, тиісті инфрақұрылымды орнату қарастырылған. Барлық нысан компанияның жеке инвестициялары есебінен салынады, оның жалпы құны шамамен $50 млн-ды құрайды.
Кездесу соңында тараптар айналма жол салу жобасын жүзеге асыруға мүдделі екендіктерін жеткізіп, ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.
Премьер-министр жауапты мемлекеттік органдарға жобаны уақтылы жүзеге асыру үшін қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Солтүстік Қазақстанда республикалық маңызы бар жол жөнделіп жатыр