АЛМАТЫ, 15 маусым - Sputnik. Астанада ТМД-ға мүше мемлекеттердің ішкі істер министрліктерінің жедел бөліністері басшыларының ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған кеңесі өтті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шарада Қазақстан ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденов сөз сөйледі. Ол ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте ғана емес, жалпы қылмыстың барлық түрлеріне қарсы іс-қимылда, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және өзекті қауіп-қатерлерге ден қоюда мемлекетаралық өзара байланысты нығайтудың маңызды екенін айтты.
Сондай-ақ кеңесте ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті үйлестіру бюросының директоры полиция генерал-лейтенанты Олег Коновалов, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан ішкі істер министрліктерінің басшылары да баяндама жасады.
"Кездесу барысында қарудың заңсыз айналымы арналарының жолын кесу, жедел ақпаратпен алмасуды күшейту және қылмыстық топтарға қарсы іс-қимыл шаралары талқыланды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, жиынға қатысушылар іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Қазақстан ішкі істер министрлігіне ризашылық білдірді.