АСТАНА, 13 маусым – Sputnnik. Полиция күні қарсаңында Ішкі істер министрлігінде халықаралық дзюдо жарысының жеңімпаздары марапатталып, қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан полицей Ғалым Арыстанбаевтың туыстарына құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Айта кетері, Мәскеуде қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің құрметіне арналған полиция және армия өкілдері арасындағы XIX халықаралық дзюдо турнирі өтті.
Жарысқа Қазақстан, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінен 26 команда қатысты. Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы ІІМ құрама командасы жоғары нәтиже көрсетіп, үшінші орынды иеленді.
Спорттық сайысты ұйымдастырушылар құқық қорғау органдарының қаза тапқан қызметкерлерін еске алуға ерекше мән берді. Ұйымдастырушылардың шақыруымен жарыстың құрметті қонағы ретінде қызмет бабында қаза тапқан Жамбыл облысы ПД қызметкері Ғалым Арыстанбаевтың жұбайы Әлия Көбегенова қатысты. Күйеуінің ерлігіне көрсетілген алғыс пен отбасыға қолдау ретінде оған автокөлікке сертификат табысталды.