АСТАНА, 11 маусым-Sputnik. Қазақстандықтар Астанада пәтер сатып алмас бұрын үлестік құрылыс нысандарын мобильді қосымша арқылы тексере алады, деп хабарлады елорда әкімдігі.
Ол үшін eGov Mobile мобильді қосымшасында "тұрғын үй порталы" жүйесіне кіріп, БСН теріп, құрылыс салушының немесе тұрғын үй кешенінің атауын енгізу қажет.
"Тұрғын үй порталы" ақпараттық жүйесінде барлық заңды түрде салынып жатқан үлестік қатысу объектілері туралы толық ақпаратты табуға болады", - деп хабарлайды Астана әкімдігі.
Тұрғын үй сатып алу кезінде қиын жағдайға тап болмас үшін астаналықтар құрылыс салушыдан үлескерлердің қаражатын жинауға рұқсат беру құжаттарын мұқият тексеруі тиіс.
Әкімдік, үлестік құрылыс туралы шарт жазбаша түрде жасалатынын, оны міндетті түрде жергілікті атқарушы органда есепке қою керек екендігін еске салады.
Үлескерлерден ақшаны уәкілетті компания жергілікті атқарушы органның рұқсаты негізінде қабылдай алады. Және бұл компания объект туралы толық ақпарат беруі керек.