АСТАНА, 9 маусым – Sputnik. Астана қаласының әкімдігі автобус апатында екі аяғынан айырылған қыздың отбасына төрт бөлмелі пәтердің берілетінін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жол көлік оқиғасынан зардап шеккен қыздың анасына жаңа тұрғын үй кешенінен төрт бөлмелі пәтердің сертификаты табысталды.
"Тұрғын үй кешені биыл қазан айында пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, құрылыс компаниясы пәтерді жөндеу және жабдықтау жұмысына да көмек көрсететін болады", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, 7 жасар қызға сақтандыру төлемі беріледі. Оның көлемі шамамен 20 млн теңге. Бұдан бөлек, әкімдік тағы 20 млн теңге беретінін айтты.