Қазақстан мен Қытай ортақ тасымал жүйесін құруды жоспарлап отыр

Қазақстан Шаньдунмен бірлескен өндірістер мен индустриялық парктер құруды ұсынды
Sputnik
АСТАНА, 6 маусым – Sputnik. Қазақстан мен Қытай ЕАЭО, ЕО және Орталық Азия нарығына ортақ тасымал жүйесін құруды жоспарлап отыр, деп хабарлады сауда және интеграция министрлігі.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова Шаньдун провинциясының вице-губернаторы Сун Цзюньцзимен екіжақты кездесіп, бірқатар нақты ұсыныстар жасады. Бұл Алматыда "Қытай (Шаньдун) – Қазақстан" сауда-экономикалық конференциясында мүмкін болды.
Нақтырақ айтқанда, Қазақстан Шаньдунмен бірлескен өндірістер мен индустриялық парктер құруды, сирек металдар мен жасыл энергетика саласындағы жобаларды іске қосуды ұсынды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, технология мен логистиканы дамыту салалары бойынша да әріптестік орнатуға қызығушылық білдірілді. Сондай-ақ логистиканы цифрландыру, шекара маңы хабтарын дамыту және мультимодальды маршруттарды кеңейту мәселелері талқыланды.
"Бізге қызығушылықтан нақты әрекетке көшу қажет. Бізде — ресурс, сіздерде — технология мен тәжірибе бар. Ынтымақтастығымызды алдағы ондаған жылдарға ауқымдауға болады", — деді Айжан Бижанова.
Қытай корпорациясы Қазақстандағы астықты терең өңдеу жобаларына қатысуға ниет білдірді