АСТАНА, 6 маусым – Sputnik. Мемлекет меншігіне қайтарылған 12,2 млн гектар жердің жартысы игеруге берілді. Бұл туралы үкіметте өткен жер ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның отырысында жарияланды, деп хабарлайды primeminister.kz.
Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметіне сәйкес, 2022–2024 жылдары мемлекет меншігіне қайтарылған 12,2 млн гектар жердің 5,9 млн гектары қайта бөлінді.
"Соның ішінде елді мекен маңындағы 2 млн гектар жайылым жергілікті халықтың мал жаюы үшін ортақ пайдалануға берілді. Қалған 3,9 млн гектар жер ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасында конкурс арқылы таратылды", - делінген ресми хабарламада.
Бұдан бөлек, соңғы үш жылда жергілікті инспекциялар араласқаннан кейін пайдаланылмай жатқан 3,8 млн гектар жерді бұрынғы жер иелері қайта игере бастады. Ал 2025 жылы 2 млн гектарды мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 979,1 мың гектары қайтарылды.
Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың айтуынша, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді әрі ашық бөлу үшін барлық мәліметті цифрландырып, жер телімдерін бөлу бойынша электронды конкурстарға көшу керек.
"Бүгінге дейін шөл және шөлейт алқаптарды қоспағанда, ауыл шаруашылығы айналымындағы барлығы 205,5 млн гектар жер цифрландырылды. 2025 жылдың соңына дейін карталар деректерін тиісті координаттық жүйеге жүктеу жоспарланып отыр", — дейді Теміржанов.