АСТАНА, 3 маусым – Sputnik. Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мобильді аударымдарға қатысты тексерістің тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Алдағы уақыттта мобильді аударымдардің шегін енгізу жоспарланып отыр. Үш ай қатарынан 100 түрлі адамнан жалпы 1 020 000 теңгеден артық мобильді аударым алғандар кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғалар ретінде қарастырылады.
"Бұл жерде қауіп-қатерлерді басқару жүйесі болады. Мобильді аударымдардың шегі сақталмаса, салықшылар ескерту жібереді. Егер сіз кәсіпкерлік қызметпен айналыспасаңыз, онда бәрін түсіндіріп бересіз. Туыстар жіберген ақша болса, оны да айтасыз. Соның бәрін дәлелдеп берсеңіз, ешқандай сұрақ болмайды", - деді Кеңбейіл үкіметте өткен брифингте.
Оның айтуынша, мобильді аударымдардың шегіне қатысты нақты шешім әлі қабылданған жоқ.
Айта кетері, бұған дейін мәжілістегі "Ақжол" фракциясы мобильді аударымдардың шекті сомасын белгілеп, жеке адамдардың ақшасын тексермеуді ұсынған болатын. Ал үкімет өз жауабын жариялады.