АСТАНА, 3 маусым – Sputnik. АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинадағы қақтығысты реттеуге қатысты шыдамы таусылып барады, деп мәлімдеді АҚШ-тың Түркиядағы елшісі Томас Баррак.
"Баррак Трамптың Украинадағы қақтығысқа қатысты шыдамы шегіне жетті деп санайды", - деп жазды Star газеті.
Елші Түркияның дағдарысты шешу процесінде шешуші рөл атқаратынын баса айтты.
"Түркияның Ресеймен де, Украинамен де қарым-қатынасы жақсы, сондықтан кем дегенде диалог орнатуда маңызды делдал бола алады", - деп толықтырды ол.
15 мамырда Ресей президенті Владимир Путиннің ұсынысымен басталған Ресей-Украина келіссөзінің екінші раунды бір күн бұрын Ыстанбұлда өтті. Ресейлік делегацияның басшысы Владимир Мединскийдің айтуынша, тараптар тұтқын алмасу туралы уағдаласты: науқастар мен ауыр жараланғандар, сондай-ақ 25 жасқа толмаған сарбаздар "бәрі барлығы үшін" қағидасы бойынша алмасылады. Барлығы кем дегенде мың адам болады. Бұған қоса, Мәскеу өлгендердің денесін жинау үшін белгілі бір аймақтарда екі-үш күнге атысты тоқтатуды ұсынды.