АСТАНА, 30 мамыр – Sputnik. Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша ресейлік меморандум жобасының мазмұны жария етілмейді, деп мәлімдедеі РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
Сәрсенбі күні Украина қорғаныс министрі Рүстем Умеров ресейлік тарапқа Украинадағы қақтығысты реттеуге қатысты көзқарас бар меморандум жобасын бергенін мәлімдеді.
"Әрине, ештеңе жария етілмейді, мұны жария ету дұрыс емес", - деді Песков журналистерге осы жөніндегі сұраққа жауап беріп.
Сонымен қатар Песков Ресей мен Украина меморандумдарының жобалары Ыстанбұлдағы келіссөздердің екінші раунды барысында талқыланады деп үміттенетінін жеткізді.
"Меморандумның екі жобасы да, ресейлік және украиналық, келіссөздердің екінші раунды барысында талқыланады деп үміттенеміз. Ол талқылауларға Ресей делегациясы дүйсенбі күні таңертең Ыстанбұлда дайын болады", - деді Песков журналистерге.
Ресей президенті Владимир Путин Украинаға 15 мамырда Ыстанбұлда алдын ала шартсыз тікелей келіссөздерді қайта бастауды ұсынды. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Украинаға ұсынылып отырған келіссөздердің мақсаты - қақтығыстың түпкі себептерін жою және Ресейдің мүдделерін қамтамасыз ету.
Ресей делегациясы Ыстанбұлға 15 мамырда барғанымен, екі ел өкілдері арасында байланыс болған жоқ. Кездесу келесі күні болып, екі сағатқа жуық уақытқа созылды. Ресей делегациясына жетекшілік еткен Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский Мәскеу мен Киев болашақта атысты тоқтату туралы өз көзқарастарын ұсынуға келісті деп мәлімдеді. Мединский Ресейдің Украинамен келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін айтты.