АСТАНА, 29 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумы аясында Google компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша вице-президенті Патрик Ворнкингті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Президент компанияның еліміздегі цифрлық трансформацияға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуразиядағы цифрлық хабқа айналу жөнінде стратегиялық мақсат қойғанын жеткізді. Аталған стратегия тіршіліктің барлық саласына жасанды интеллектіні енгізуді көздейді. Ол үшін еліміз цифрлық және коммуникациялық инфрақұрылымға, сондай-ақ есептеу қуатын арттыруға белсенді түрде инвестиция құйып жатыр.
Патрик Ворнкинг жасанды интеллектіні пайдаланып, цифрлық келешекке жол ашу үшін инфрақұрылым әзірлеу және маман даярлау ісінде Қазақстанның қол жеткізген табысына жоғары баға берді.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директоры Дарен Тангты қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директоры Дарен Тангты қабылдады
© Photo : Ақорда
Әңгімелесу барысында зияткерлік меншік саласындағы Қазақстанның әлеуетін арттыруға, экожүйені нығайтуға және орнықты білім экономикасын құруға бағытталған бірлескен бастамалар талқыланды.
Тоқаев болашаққа бағдарланған интеллектуалды меншіктің берік негізін қалауда ұйым еліміздің ең басты серіктесі екенін атап өтті.
Қазіргі кезде зияткерлік меншік құрамдас бөлігі бар Ұлттық инновациялық стратегияны әзірлеу жобасы іске қосылды. Бұл ғылыми зерттеулерді ынталандыруға, озық технологияларды дамытуға және жағымды инновациялық орта қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ Қазақстан ұйыммен бірлесе отырып, технология мен инновацияны қолдау орталығы жобасын жүзеге асырады.