АЛМАТЫ, 28 мамыр - Sputnik. Шерзат Полат сотында күдікті Шынасылдың адвокаты судьяға қарсы шағым түсірді. Сот шағымды қанағаттандырмады.
Алматы облысының ауданаралық сотының судьясы Асқар Бейімбетов күдікті Абзал Шынасылдың қорғаушысы Әбенов судья Ержан Жанұзақовқа қарсы түсірген шағымын қарастырды.
"Бүгін сараптама материалдарын қарағанда олқылықтар болды, осыған байланысты сарапшыларды шақырып жауап алуды сұрадық. Ол кісіге келген материалдар ішінде менің қорғауымдағы Шынасылға қатысты бір ғана куәнің бейнежазбасы ғана берілген. Төбелес болған жердегі бейнежазбада Шынасыл жоқ. Бірақ прокуратураның пікірінше Шынасыл сол жерде болған", - дейді адвокат Әбенов.
Судья Жанұзақов сарапшы мен тергеушіні сот залына шақырмады дейді қорғаушылар. Өзге адвокаттардың басым бөлігі Шынасылдың қорғаушысы Әбеновтің сөзімен келісті. Күдіктілердің туыстары да адвокаттарды қолдады. Ал прокурорлар өтінішті қанағаттандырмауды сұрады.
Судья Бейімбетов Ержан Жанұзақовты істен шеттетпеу туралы шешім шығарды.