АСТАНА, 28 мамыр – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Руанда президенті Поль Кагаме келіссөз барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін пысықтады, деп хабарлайды Ақорда.
Атап айтқанда Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Африка құрлығына тасымалдау жолдары қарастырылды.
"Елдеріміз озық технология, жасанды интеллект және ғарыш саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Біз цифрландыру және киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты ортақ жобаларды қолға аламыз деп келістік. Ғарыш кеңістігін бірлесіп игеру жөнінде уағдаластыққа қол жеткіздік. Мұндай қадам мемлекеттік қызмет пен бизнестің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді", – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Руанда жасыл энергетика саласын өркендетіп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүдделі екенін айтты.
"Бүгінде Астана мен Кигалидің халықаралық қаржы орталықтары арасында тығыз байланыс бар. Біз жаһандық қаржы нарығындағы осы байланысты одан әрі нығайтуға келістік. Климаттың өзгеруіне қарсы күрес және қоршаған ортаны қорғау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ", – деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша Руанданың климатты сақтау бағытында мол тәжірибесі бар. Соның арқасында жаһандық жобаларға зор үлес қосып келеді. Осы ретте халықаралық конвенциялар мен келісімдер аясында экология мәселелерін шешу үшін күш біріктіру жолдарын талқыланды.
Бүгінгі келіссөздер кезінде мәдениет, білім-ғылым салаларындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, президенттер академиялық байланысты дамытуға, студент алмасуға, сондай-ақ, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге келісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Поль Кагамені әлемдік саясатта мол тәжірибесі, беделі бар президент ретінде атап өтіп, жаһандық мәселелер жөнінде пікір алмасқанына тоқталды.
"Екі елдің халықаралық түйткілдерге қатысты ұстанымдары ортақ деп айтуға болады. Біз жаһандық дағдарыстың бәрін тек дипломатиялық жолмен шешу керек деп есептейміз. Бейбіт келіссөздер жүргізуді қолдаймыз. Бұған қоса, халықаралық ұйымдар аясында өзара ықпалдастықты күшейтуге уағдаластық", – деді мемлекет басшысы.
Ал Поль Кагаме бүгінгі келіссөздердің қорытындысын жоғары бағалады.
"Қазақстан президентімен өте нәтижелі келіссөз жүргіздік. Елдеріміз арасындағы берік достық өзара серіктестігімізді одан әрі нығайтуға негіз болады. Келісімдерге қол қою арқылы ынтымақтастық мүмкіндіктерін арттыруға ниеттіміз", – деді Руанда президенті.
Оның пікірінше екі мемлекеттің сауда, технология және ауыл шаруашылығы салаларында бір-бірінен үйренері көп.
"Біз "Самұрық-Қазына" АҚ мен Rwanda Mines, Petroleum and Gas Board арасында келісім жасалуын құптаймыз. Руанда Қазақстанның энергетика, тау-кен өнеркәсібі және минералдарды өңдеу салаларындағы инновацияларын игеру арқылы айтарлықтай пайдаға кенеле алады", - деп түйіндеді ол.