Шығыс Қазақстанда заңсыз алтын өндірген 6 адам ұсталды

Бір экскаватор, үш металл іздегіш құрылғы, екі автокөлік тәркілеп алынды
Sputnik
АСТАНА, 22 мамыр – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында арнайы техникамен заңсыз алтын өндіру фактісі анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өңір аудандарының бірінде бағалы пайдалы қазбаларды заңсыз өндірген адамдар тобын анықтады.
"Заңсыз әрекеттерді толық тіркеу мақсатында жедел уәкілдер ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратын пайдаланып, заңсыз жер жұмыстарын жүргізілген жердің нақты орнын анықтады. Жедел іс-шаралар нәтижесінде құқық бұзушылық орнында алты адам ұсталды", - деп жазылған хабарламада.
Тергеу әрекеттері барысында бір экскаватор, үш металл іздегіш құрылғы, екі автокөлік және топырақ үлгілері алынды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жерасты ресурстарына келтірілген залалдың мөлшерін анықтау үшін тиісті сараптама тағайындалды.
Айта кетері, мұндай заңсыз әрекеттер мемлекет экономикасына ғана емес, сондай-ақ өңірдің экологиялық жүйесіне – флора мен фаунаға, табиғи ландшафтқа да елеулі зиян келтіреді.
Құрамында алтын бар кенді заңсыз өндірген 5 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды